Ташкентте уланып қалған жасөспірім футболшылардың 10-ы емделіп, ауруханадан шықты. Қалған сегіз адам дәрігерлердің бақылауында. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің мәліметінше, 2 қараша күні кешке №5 қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына тағы бір бала жатқызылып, науқастардың жалпы саны 18 адамға жеткен. Олардың 12-сі – бала, алтауы – ересек адам.
«3 қарашадағы жағдай бойынша алты бала мен төрт ересек адам емделіп, ауруханадан шықты. Қалған алты бала мен екі ересек адам Ташкенттегі медициналық мекемелерде ем қабылдап жатыр», - деп жазылған хабарламада.
Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Қазақстан мен Өзбекстанның денсаулық сақтау министрліктері жағдайды бақылап, өзара байланыс орнатқан. Өзбекстан тарапы қазақстандық азаматтардың емделуіне қажетті жағдай жасаған.
Айта кетері, Ташкентте қазақстандық футболшылардың улану дерегі бойынша Өзбекстанның бас прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.
