Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алып, ел спортының тарихында жаңа парақ ашты, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Михаил Шайдоров еркін бағдарламада 198,64 ұпай жинап, қос бағдарламаның қорытындысы бойынша 291,58 ұпаймен қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Отандасымыз өзінің жеңісті бағдарламасын әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің композициясымен орындады.
Күміс жүлдені жапониялық Юма Кагияма (280,06 ұпай) иеленсе, қола медаль тағы бір Жапония өкілі Шун Сатоға (274,90 ұпай) бұйырды.
Бұл – Қазақстан қоржынына түскен Италия Олимпиадасының алғашқы медалі әрі еліміздің мәнерлеп сырғанау тарихындағы тұңғыш Олимпиада алтыны.
Фото: Әлеуметтік желіден
