Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары Алматыдан 413 км батыста болған жер сілкінісінен кейін өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстарды, көшкін және сел қауіпті учаскелерін тексеруді жүргізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сондай-ақ, тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріне ықтимал зақымдарды анықтау үшін визуалды тексеру жүргізілді.

«Тексеру нәтижелері бойынша зақымдар анықталған жоқ, қазіргі уақытта аталған объектілер қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Қираулар мен зардап шеккендер туралы мәліметтер түскен жоқ. Жағдай тұрақты», — деп атап өтті ведомствода.

Бұған дейін «Курсив» 4 шілдеде Астана уақытымен сағат 4:40-та жер сілкінісі тіркелгенін жазған болатын. Эпицентр Қазақстан аумағында, Алматыдан 413 км батыста орналасқан.

Жер сілкінісін Тараз тұрғындары сезді.

«Сезімталдық туралы мәліметтер: Тараз 2 балл. Зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ», — делінген ведомство хабарламасында.

Еске сала кетейік, Алматы облысында қатты жауын-шашыннан кейін Түрген өзенінде су деңгейі көтеріліп, туристерді эвакуациялау басталды, содан кейін Қаскелең шатқалында өзен көпірді қиратты.

Ал бүгін синоптиктер Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарында қайтадан қатты жаңбыр мен желдің күшеюін болжайды. Қызылорда, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында әлсіз жаңбыр жаууы мүмкін.