Тараздағы №59 түзеу мекемесінде сотталған адамға қысқа мерзімді кездесуге келген ер адамның көзілдірігінен жасырын бейнекамера табылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Polisia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 19 маусым күні сағат 13:10 шамасында болған. Құрылғыны мекеме қызметкерлері ВЧ-5513 әскери бөлімінің бақылау-өткізу тобының жеке құрамымен бірлесіп анықтаған.
«Келушінің жеке заттарының арасынан мекеме аумағына алып кіруге тыйым салынған техникалық құрылғы бар екені анықталды. Зат қарапайым қара көзілдірік ретінде бүркемеленген, бірақ іс жүзінде жасырын аудио- және бейнежазба құралдарымен жабдықталған құрылғы болып шықты», — делінген хабарламада.
Тексеру алдында азаматқа тыйым салынған заттарды ерікті түрде тапсыру туралы талап түсіндірілген, алайда ол оны орындамаған.
Оқиға орнына тергеу-жедел тобы шақырылды. Ақпарат уәкілетті органдарға берілді. Жиналған материалдар сотқа жіберілді.
Бұған дейін «Курсив» Алматыдағы тергеу изоляторы қызметкерлерінің лагманнан смартфон тапқаны туралы жазған болатын. Ұқсас тосынсый астаналық тергеу изоляторында да анықталған. Онда зорлау ісі бойынша айыпталушының анасы гаджетті аяқ киімнің табанына жасырып, ұлына кездесу кезінде берген.
