Тараз қаласының тұрғыны Анар Бексұлтанова қос қолы жоқ болса да, ұлттық өнерді дәріптеп, көпшілікті таңғалдырып жүр. Ол осыдан 13 жыл бұрын «Әдемі қыз жасауы» кәсібін ашқан. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Анар Бексұлтанова Sputnik Қазақстанға сұхбат беріп, ниеті бар пенде үшін қиындықты еңсеруде ешбір кедергі жоқ екенін айтты. Ол — мүмкіндігі шексіз жан. Еңсесі түсіп, өмірден қағажу көрдім деп налыған талайдың шабытын оятып, намысына қамшы басқан.

Анар Бексұлтанова Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген. «Туа біткеннен екі қолым болмады. Маған жүкті кезінде анам сары ауру болып науқастаныпты, мүмкін соның салдарынан, болмаса Алланың бұйрығы болар», — дейді қас шебер.

Анар Сағынтайқызы ұлттық өнерді дәріптеген әулеттің қызы. Апасы, нағашы апасы, анасы, әкесінің қарындастары — жалпы бұл әулеттегі қай нәзік жанды болсын шебер жандар. «Менің атам мен апамның үйі алты қанат ақ киіз үй еді. Іші қолдан жасалған заттарға толы болатын. Атамның қасқыр ішігін, небір ұлттық киімдерді көріп өстім. Құрақтарына қарап, „егер қолым болса, мен қалай тігер ем“ деп ойлап, соны жүзеге асыратынмын», — дейді ол.

Анар Сағынтайқызы мектепте жүріп құрақ құрап, шұлық жамап, өзіне киім тігіп алатын болған. Мектеп бітірген соң Тараздағы жоғарғы оқу орнына биология пәніне мұғалімдікке оқуға түседі. Бірақ бұл мамандықпен жұмысқа тұра алмайды.

«Ол кезде мүгедек жандарды жұмыспен қамту туралы заң болмаған. Қай мекеменің есігін қақсам да, мені ешкім қабылдамады. Өзім гүлзар өсіріп, гүлдерді будандастырып, жаңа бір тұқым алып, жаңалық ашқым келіп еді. Бірақ арманым орындалмады», — дейді Анар Бексұлтанова.

Шеберге қол ұшын беріп, жұмысқа тұрғызғандар болған. Бірақ Анар Сағынтайқызының өзі ашқан бизнесі дамып, көптеген елдің батасын алған. «2013 жылы елден 550 мың теңге елден қарыз жинап, көрпе тігумен айналысайық деп шештім. Менің бұл кәсібіме бауырларым көп көмектесті. Бұл кәсіпте жеке менің ғана емес, бауырларымның еңбегі зор», — дейді Анар Бексұлтанова.

Анар Сағынтайқызы «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Ал бірлестіктің қазіргі туындылары таңдай қақтырарлық. «Қасымдағы әріптес қыздардың еңбегі зор. Жұмысымызда алды жетпіс бестегі апайларым мен өрімдей жас сіңілілерім бар. Қандай шаруаны болсын, шын пейілдерімен адал, сапалы атқарады», — дейді бірлестік төрайымы Сағынтайқызы.

Анар Бексұлтанованың бұйымтайы: «Қазіргі қыз-келіншектер ұлттық өнерді ұмытпаса деймін. Әйелдер дүкендегі дайын затты сатып алмай, өз қолдарымен қазақы өнерді дамытса деймін», — дейді шебер.