Таразда қатарласын ұрып, бір көзін шығарған оқушыға сот үкімі шықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жасөспірімге аса қатыгездікпен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деген айып тағылған. Іс Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігінің 4) және 11) тармақтары бойынша қаралды.

Оқиға мектепте болған. Сот мәліметінше, Тараз қаласындағы мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы жәбірленушімен иық тірестіріп қалған.

Кейін жәбірленуші сыныптасымен бірге сотталушыға келіп, осы жағдайға байланысты наразылығын білдірген. Артынша олар спортзалдың ерлер киім ауыстыратын бөлмесіне кіріп, араларында жанжал туындаған.

Жанжал кезінде сотталушы жәбірленушінің сол жақ көзіне оң қолының жұдырығымен әдейі соққы жасаған. Соққы салдарынан жәбірленушінің көзі ауыр жарақаттанып, көру қабілетінен толық айырылған.

Сот үкімімен жасөспірім 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.