Тараздағы қант зауыты жаңғыртудан кейін тәулігіне 3 мың тоннаға дейін, жылына 300 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдей алады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл ақпаратты Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Кәсіпорын 2001 жылдан бері қант қызылшасын өңдемей, негізінен қамыс шикізатымен жұмыс істеп келген. 2025 жылы отандық қант қызылшасын қайта өңдеуді жандандыру және өндірістік қуатты арттыру мақсатында зауытты жаңғырту басталды.

Министрліктің мәліметінше, жобаның инвестициялық құны – 12,4 млрд теңге. Жаңғырту жұмыстарын қазан айында аяқтау жоспарланған.

«Жоба іске асқаннан кейін кәсіпорын тәулігіне 3 мың тоннаға дейін, жылына 300 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдей алады. Алдағы кезеңде өндірістік қуатты жылына 700 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр», – дейді министрлік.

Зауытты қажетті шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 84 ауыл шаруашылығы құрылымымен келісімшарт жасалған.

Қазіргі уақытта кәсіпорындағы ескірген жабдықтар мен металл конструкцияларын бөлшектеу аяқталып, технологиялық жабдықтар мен арнайы техниканың негізгі бөлігі жеткізілді. Бұдан бөлек, өндірістік инфрақұрылымды дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Қант қызылшасының қалдықтарын орналастыру үшін жер учаскесі бөлініп, санитариялық-қорғау аймағын абаттандыру шаралары қолға алынған.