Таразда сот күзет агенттігін арнайы автотұрақта бөлшектелген көлік үшін залалды өтеуге міндеттеді, деп хабарлады Жамбыл облыстық соты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2015 жылы сот шешімімен талап қоюшыға тиесілі "Volvo FH12" маркалы жүк автокөлігіне кредиттік берешек бойынша міндеттемелерді орындау шеңберінде өндіріп алу қолданылған. 2017 жылы көлік құралы сот орындаушысымен тыйым салынып, күзет агенттігінің қарауына берілген.
"7 жылдан астам уақыт сақталғаннан кейін автокөлікті қарау барысында оның толықтай жарамсыз күйге түскені анықталды: негізгі тораптары мен бөлшектері талан-таражға салынып, көліктің өзі толықтай бөлшектелген", - деп жазылған хабарламада.
Талап қоюшы күзеттің тиісінше қамтамасыз етілмеуі салдарынан, оның автокөлігінің сотпен бұрын белгіленген құны 9,6 млн теңгеден 992 мың теңгеге дейін төмендегенін хабарлады.
Жауапкер талап қоюмен келіспей, 2019 жылы аталған мүліктің басқа күзет ұйымына берілгенін мәлімдеді. Алайда бұл мән-жайды растайтын құжаттар, оның ішінде қабылдау-тапсыру актілері сотқа ұсынылмады.
Сот заңнамаға сәйкес ЖШС автокөліктің сақталуын қамтамасыз етуге және оны қабылданған күйінде қайтаруға міндетті болғанын анықтады. Жауапкер автокөлік бөлшектерінің талан-таражға салынуына өзінің кінәсіздігін дәлелдей алмағандықтан, талап қоюшының талаптары негізді деп танылды.
"Тараз қалалық сотының шешімімен күзет агенттігінен талап қоюшының пайдасына 8,6 млн теңгеден астам мөлшерде материалдық залал, сондай-ақ мүлікті бағалауға жұмсалған шығындар мен мемлекеттік баж өндірілді", - дейді облыстық сотта.
Шешімге жауапкер шағымданды, бірақ азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келісіп, шешімді күшінде қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді.
