Тараз қаласының №2 соты психотропты заттарды жасырын орындар арқылы таратқан ер адамға қатысты үкім шығарды. Ол әрбір «закладка» үшін криптовалюталық әмиянға 2 мың теңге алып отырған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың желтоқсанында ер адам Telegram арқылы белгісіз куратормен байланысып, есірткі таратуға келісім берген. Ол жасырын орындардан бумаларды алып, Тараз қаласының әртүрлі жерлеріне орналастырып отырған.
2026 жылдың ақпанында ер адам Алматы қаласында α-PVP бар 37 зип-пакеттен тұратын буманы алып, оны Таразға жеткізген. Ол бумалардың бірін Шаңырақ шағын ауданындағы жасырын орынға орналастырғаннан кейін полиция қызметкерлері тарапынан ұсталған. Тінту кезінде одан 11,58 грамм психотропты зат алынған.
Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігінің санкциясы мүлікті тәркілеумен 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Прокурор амнистия туралы заңды ескере отырып, ер адамға 5 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
«Сот ер адамды есірткі заттарын өткізу мақсатында ерекше ірі мөлшерде заңсыз сатып алу және сақтау, алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен жасаған қылмысы үшін кінәлі деп таныды. Оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Амнистия туралы заңды ескере отырып, түпкілікті мерзім 4 жыл 8 айды құрады», — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін «Курсив» Көкшетауда есірткі таратушылар отбасына қатысты үкім шыққанын хабарлаған болатын. Небәрі алты күн айырмашылықпен 20 жастағы қыз бен оның әкесіне қатысты үкім шығарылған. Қызы нақты мерзімге сотталса, 30 бума синтетикалық есірткімен ұсталған әкесіне жазаны өтеуді кейінге қалдыру қолданылған.
