Тараз қаласында адвокаттың көлігіне оқ атылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жамбыл облыстық полиция департаменті оқиғаға түсініктеме берді. Адвокат Лола Врублевскаяның айтуынша, ол көлігіне жақындап келе жатқанда оқ дауысына ұқсас дыбыс естіген. Кейін көлігінің терезесінде тесік пайда болғанын көріп, бірден полиция шақырған.

Полиция атылған қарудың емес, рогатканың оғы екенін анықтады. «Бөтеннің мүлкін бүлдіру фактісі бойынша полиция қызметкерлері екі құқық бұзушыны анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Олар рогаткамен оқ атып ойнаған, абайсызда оқ көліктің терезесіне тиген», - деді Жамбыл облысының полиция департаменті.

Полиция жалған ақпаратқа сенбеу қажеттігін ескертті.