Тараз қаласының шетіндегі каналдардың бірінен жаңа туған нәрестенің денесі табылды. Полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, нәрестенің анасын іздестіруде. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға қалай анықталды

KTK телеарнасының мәліметінше, нәрестенің денесін жақын маңда ойнап жүрген балалар байқаған. Олар алғашында оны лақтырылған қуыршақ деп ойлаған. Нәрестенің кіндігі кесілмеген болған.

Полицияның ресми мәлімдемесі

Жамбыл облысы полиция департаменті оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын хабарлады.

«Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Полиция қызметкерлері ананың жеке басын анықтау бойынша барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде», — деді ведомствоның ресми өкілі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Бұған дейін

Бұған дейін «Курсив» Алматыда өтіп бара жатқан адамдарға тиісіп, қарумен қорқытқан бес ер адамның ұсталғанын жазған болатын.