Ішкі істер министрлігі бұрын жасалған қылмыстарды ашу бағытында денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің 17 дерегін ашты. Оның ішінде төрт жағдайда жәбірленушілердің өлімі орын алған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мысалы, Павлодар облысында төрт жыл бұрын жасалған адамның өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру қылмысы ашылды. 2022 жылдың қыркүйегінде Шарбақты кентіндегі жеке үйлердің бірінен жергілікті тұрғынның мәйіті табылған. Оның денесінде көптеген жарақат белгілері болған.
«Жедел-тергеу іс-шараларының жүргізілгеніне қарамастан, қылмысты ізін суытпай ашу мүмкін болмады. 2026 жылы полиция қызметкерлерінің мұқият жұмысы, қосымша жедел-іздестіру шараларын жүргізуі және марқұмның байланыс ортасын толық тексеруі нәтижесінде күдікті анықталды. Ол қаза тапқан азаматтың танысы болып шықты», - деп жазылған хабарламада.
Тергеу барысында оқиға күні ер адамдардың бірге спирттік ішімдік ішкені анықталды. Араларында туындаған жанжал кезінде күдікті жәбірленушіге дене жарақаттарын салған, соның салдарынан ол көз жұмған.
9 ақпанда жиналған дәлелдердің негізінде күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Наурыз айында Павлодар облысы Шарбақты аудандық сотының үкімімен ол кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.
