Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова халықаралық қауымдастықты Каспий құбыр консорциумының (КҚК) нысандарына жасалған шабуылдарға тиісті баға беруге шақырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің азаматтық нысанға жасалған шабуылды қатаң айыптаған ұстанымын қолдаймыз. Бұл шабуылды Киевтің әлемдік мұнай нарығындағы тұрақсыздықты одан әрі күшейтуге ұмтылысының кезекті дәлелі деп санаймыз», – делінген хабарламада.
Захарова КҚК маңындағы танкерлерге жасалған шабуылдардың артында Киев тұрғанына еш күмән жоқ екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл КҚК нысандарына жасалған бесінші шабуыл.
Консорциум Ресей, Қазақстан, АҚШ және бірқатар Еуропа елінің мұнай-энергетика саласындағы ірі компанияларын біріктіреді.
Ресей СІМ өкілі Мәскеу бұл шабуылды «террорлық акт» деп бағалап, оны ұйымдастыруға және жүзеге асыруға қатысы бар барлық тарапты айыптайтынын айтты.
«Халықаралық қауымдастық Зеленский режимі жасаған кезекті әскери қылмысқа тиісті баға беруі керек», – деді Захарова.
Оның айтуынша, халықаралық қоғамдастық тарапынан «адекватты реакция болмауы» Мәскеу үшін Киевтің саясатын қолдау ретінде қабылданады.
КҚК құбыры арқылы Қазақстанның экспортқа шығаратын мұнайының шамамен 80%-ы тасымалданады.
