Тамыз айы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының төмендеуімен аяқталды, деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Соңғы аптаның қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) индексі 100,0%-ды құрады. Тамыз айының басынан бері бағалар 0,2%-ға төмендеді.

Жыл басынан бері индекс 101,4%-ды құрады, ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 107,9% болған. Осылайша, жыл басынан бері ӘМАТ бағасының өсуі ең төмен деңгейде қалып отыр және өткен жылғы көрсеткіштен 5 еседен астам төмен.

Министрлік хабарламасында: "Қазіргі оң динамикаға жаңа өнімнің маусымдық түсуі ықпал етуде. Көкөніс өнімдері бағасының төмендеуі жалпы индексті тұрақтандырып, жекелеген тауарлар бойынша бағаның өсуін өтеуге мүмкіндік беріп отыр", - делінген.

ӘМАТ бойынша оң динамика азық-түлік инфляциясынан да көрінеді. Жылдық мәнде оның деңгейі өткен жылғы желтоқсандағы 13,5%-дан шілде қорытындысы бойынша 10,1%-ға дейін төмендеді.

Бұл ретте жұмыс маусымдық шаралармен ғана шектелмейді. Негізгі назар өнімдердің түпкілікті құнына тікелей әсер ететін факторларға: делдалдарға, нарықтарға, көлік шығындарына және өндірушілердің босату бағаларына аударылды.