Тамақтан улану – бұл асқазан-ішек жолдарына тамақпен немесе сусындармен бірге зиянды бактериялардың түсуінен ішкі органдардың жұмысының бұзылуы. Тамақтан улану жедел, аяқастынан басталады.

Тамақтан уланудың негізгі себептері: — балалар тұтынатын азық-түліктің, тез бұзылатын тағамдардың сақтау шарттарының орындалмауы және азық-түлік пен шикізаттың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болмауы; — тамақ дайындау кезінде жеке гигиена ережелерінің сақталмауы; — ас блогы қызметкерлерінде міндетті медициналық тексерудің болмауы; — санитариялық ережелердің талаптарымен рұқсат етілмеген тағамдарды дайындау болып табылады. Сапасыз тағамдар микробтардың көбеюіне, олардың уының пайда болуына жағдай туғызып балалардың тамақтан улануына алып келеді.

Тамақтан уланудың эпидемиологиялық белгілері: — кенеттен басталуы; — адамдар тобында аурудың басталуының бір мезгілділігі; — жедел қысқа ағымдылығы; — аурудың бір тағамдық өнімді қолданумен байланысы; — өнімді тұтыну немесе сатып алу орнымен аурудың аумақтық шектелуі; — тамақтан улануға себеп болған өнімді алып тастағаннан кейін аурудың жаңа жағдайларының пайда болуының тоқталуы; — микробтық тамақтан улану науқастан сау адамға берілмейді.

Балаларды уланудан қорғауға арналған кеңестер: — тез бұзылатын тағам түрлерін тоңазытқышта сақтау және тағамның бетін ашық қалдырмау қажет; — көкөніс пен жеміс-жидектерді ағынды сумен мұқият жуып, мүмкіншілігінше қайнаған сумен шаю қажет; — тамақ өнімдерін жарамдылық мерзімін ескере отырып сақтаңыз; — азық-түлік өнімдерін дайындау, сақтау, тасымалдау және сату жағдайлары бойынша санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау қажет; — тамақ өнімдерін рұқсатсыз сауда орындарындағы белгісіз тұлғалардан алмау; — шикі сүтті пайдаланар алдында міндетті түрде қайнату қажет; — үй жағдайында консервіленген салаттарды, саңырауқұлақтарды, көкөністерді сатып алмау.

«Сондай-ақ, ас мәзірін құрастырарда аса тез бұзылатын тағамдарды, соның ішінде кремді-кондитерлік өнімдер мен құрамында бірнеше тағамдар бар, майонез қосылған күрделі салаттардың болмауын қадағалау. Салқын тағамдар мен салаттарды 1,5-2 сағат көлемінде сақтау. Осы қарапайым талаптарды сақтау, балаларыңызды тамақтан уланудан қорғайды. Ал егер, тағамнан улану белгілері пайда болған жағдайда, дереу дәрігерге медициналық көмекке жүгіну қажет екенін есте сақтаған абзал»,- дейді Жетісу облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Асхат Чарапиев.