Алматы облысында ер адамды өлтіріп, әйелді зорлап, оның екі жасар қызын ұрлап кеткен күдікті мен оған дер кезінде шара қолданбаған полицейлерге қатысты сот басталды, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Былтыр 6 қыркүйекте Талғар ауданына қарасты Қызылқайрат ауылында болған қанды оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірген еді. Техникалық қызмет көрсету станциясының жұмысшысы жергілікті тұрғынды зорлап, бір ай бойы бопсалап келген. Кейін ол әйелдің ағасын өлтіріп, екі жасар қызын ұрлап кеткен.

Қуғын кезінде күдікті баланы машинасына салып, биік жардан секіріп кеткен. Сәби ауыр жарақат алып, оған ота жасалды. Тергеу барысында жәбірленуші әйел қайғылы оқиғадан бір ай бұрын полицияға зорлау фактісі бойынша арыз жазғаны, алайда тәртіп сақшылары ешқандай шара қолданбағаны анықталды. Оның үстіне, олар күдіктіні қамаудан босатқан.

Осы оқиғадан кейін Алматы облысының прокуратурасы полицейлердің әрекетсіздігіне қатысты қылмыстық іс қозғады. Қазір екі тергеуші қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және әрекетсіздік баптары бойынша айыпталып отыр. Оларға қатысты сот жабық режимде өтуде.

Басты күдіктіге адам өлтіру, зорлау, баланы ұрлауды қоса алғанда, 12 қылмыс бойынша айып тағылды. Сондай-ақ сот орындығында оның сыбайласы ретінде екі жасөспірім отыр. Оларға адам өлтіруге және баланы ұрлауға қатысты деген айыптар тағылған.

Фото: Әлеуметтік желіден