Талдықорғанда полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қарумен қорқыту фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиғаның мән-жайын «Криминальный Казахстан» Telegram-арнасы жариялады. Зардап шеккен әйелдің құрбысының айтуынша, ер адам жұбайын бірнеше рет ұрып-соққан және оған қарсы қорқытулар жасаған. Ол өзінің байланыстары мен ақшасының арқасында жауапкершіліктен құтыла алатынын айтып, әйелін үнемі қорқытқан.

Арнаның мәліметінше, кезекті жанжал 2 қазанға қараған түні болған. Жанжалдың себебі — бір жасар баланың ер адамға ұйықтауға кедергі жасауы. Осыдан кейін ол әйелін бірнеше сағат бойы ұрып-соққан.

Әйелдің айқайына көршілері келген. Куәгерлердің айтуынша, ер адам оларды қарумен қуған. Таңертең әйел полиция шақыра алған. Оның жақындары объективті тексеру жүргізуді сұраған.

Жетісу облысы полиция департаменті өтініштің 2 қазанда түскенін растады. Қызметкерлер дереу оқиға орнына барып, ер адамды ұстады. Одан пневматикалық қару тәркіленді.

«Дене жарақатын келтіру және қорқыту фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Дәрігерлер тексергеннен кейін әйел баласымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылды, оларға қажетті көмек көрсетілді», — деді полицияда.

Департаменттің мәліметінше, әйел бұған дейін полицияға шағымданбаған.

Бұған дейін «Курсив» Шымкентте ер адамның әйелін қыздарының көзінше қатты ұрып-соққаны туралы жазған болатын. Әлеуметтік желілерде әйелінің қанға боялған бетімен түсірілген видеосы пайда болғаннан кейін ер адам қамауға алынған еді.