Талдықорғанда 5 жасар қызын қауіпті жағдайда тасымалдаған әке жауапқа тартылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Талдықорғанда полиция қызметкерлері жедел басқару орталығының камералары арқылы баланы тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын анықтады.

«Бейнежазбадан 31 жастағы жүргізушінің Changan X5 Plus автокөлігін басқарып келе жатып, бес жасар қызын көліктің жоғарғы бөлігіндегі ашық қуыстан сыртқа шығарып қойғанын көруге болады. Кішкентай қыздың денесі беліне дейін сыртқа шығып тұрған», — деп жазылған хабарламада.

Аталған факті бойынша жүргізуші, яғни баланың әкесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері баланың ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, мұндай әрекетке жол берілмейтінін түсіндірді.

Жүргізушіге балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларға жол бермеу қажеттігі ескертілді.