Премьер-министр Олжас Бектенов жол ережесін жиі бұзатын немесе жүргізуші куәлігінен айырылған адамдарды такси қызметіне жұмысқа қабылдамауды тапсырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкіметтің бүгінгі отырысында Бектенов такси агрегаторлары жұмысқа тек тәжірибелі және жауапкершілігі жоғары адамдарды қабылдауы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, жүргізуші куәлігінен айырылған немесе жол ережесін жиі бұзған адамдар такси саласына жұмысқа қабылданбауға тиіс.
Алдағы уақытта әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімін жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын жеке компаниялардың платформаларымен интеграциялау жұмыстары аяқталады. Бұл такси қызметтеріне жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер туралы ақпаратты көруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жолаушылар тасымалдайтын көліктердің техникалық жай-күйі мен такси жүргізушілерінің жұмыс уақыты да қатаң бақылауда болуы қажет.
Премьер-министр Көлік министрлігіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жеке такси қызметтерін реттеу бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, бұл саладағы барлық мәселе нақты нормативтік құжаттармен реттелуге тиіс.
