Қаржы министрі Мәди Такиев мыңдаған такси жүргізушісі мен курьердің салық төлей бастағанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Биылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимі енгізілді. Қазір Яндекс, inDrive, Wolt, Glovo және басқа да сервистерді қоса алғанда, 38 платформа бар. Олар салық агенті ретінде 4% мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдерді ұстап қалады.
«Нәтижесінде жұмыспен қамтылғандар саны 14,5 мыңнан 805 мың адамға дейін, ал әлеуметтік төлемдер көлемі 1,4 млрд теңгеден 16,1 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл ретте 600 мыңнан астам тіркелмеген адам ресми экономикалық айналымға қосылды», – деді Такиев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, цифрландыру экономиканы бақылаумен ғана шектелмей, қосымша әкімшілік жүктемесіз еңбек қызметін заңдастыруға да мүмкіндік береді. Айта кетері, бүгінгі отырыста Такиев цифрландырудың арқасында үнемделген қаржы көлемін де жариялады.
