Қаржы министрі Мәди Такиев цифрландырудың арқасында үнемделген қаржы көлемін жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінде бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, қазынашылық атқару және онлайн-мониторинг бірыңғай цифрлық жүйеге біріктірілген. Бұл әрбір теңгенің қозғалысын бақылауға және бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

«Бюджетті жоспарлау кезінде тек фискалдық деректерді пайдалану есебінен жылына 200 млрд теңгеге дейін үнемделеді», — деді Такиев үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, шығыстарды алдын ала басқару арқылы бұдан да көп қаражатты үнемдеуге болады.

«Бүгінде 2027-2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде 1,5 трлн теңге көлеміндегі шығыстың алдын алынды. Яғни цифрландыру тиімсіз шығыстарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті қаржы министрі.

Сонымен қатар цифрландыру есебінен қосымша түсімдер де бар. Қазір олардың көлемі 410 млрд теңгені құрайды.