Қазақстанға Тайландтан келген шетел азаматы есірткі тасымалдағаны үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жедел-іздестіру шаралары кезінде 20 жастағы шетел азаматы ұсталған болатын. Тергеу барысында оның Таиландтан әкелген есірткі партиясын Қазақстанда заңсыз өткізу арналары арқылы таратуды жоспарлағаны анықталған.

Сот шешімімен ұсталған шетел азаматы кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырылды.

Осы орайда полицейлер бөгде адамдардан белгісіз заттарды алмауға кеңес береді. «Бөгде адамдардан сақтау немесе тасымалдау үшін, тіпті ақшалай сыйақыға да, сәлемдемелерді, пакеттерді және өзге де заттарды қабылдауға қатаң тыйым салынады. Сенгіштік пен сақтық танытпау адамның қылмысқа сыбайлас ретінде тартылуына және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін», – дейді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Фараби Елубаев.

Айта кетері, жыл басынан бері көліктегі полиция департаменті Астана және Алматы әуежайларында есірткі контрабандасының 27 дерегін анықтап, жолын кесті. Заңсыз айналымнан шамамен 180 мың бір реттік дозаға тең келетін 98 келі есірткі тәркіленді.