Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында Сапаров агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім көлемін 70 пайызға дейін арттыруға бағытталған шаралар қолға алынғанын баяндады.

«2026 жылдың алты айында тағам өнімдерін өндіру 14,7 пайызға ұлғайды. Ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 4,4 пайызға, соның ішінде егін – 7,7 пайызға, мал шаруашылығы 4,4 пайызға өсті», - деді ол.

Министр экспорт көлемі мен шетелге шығарылатын өнім түрлері де көбейіп келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, биылғы қаңтар-сәуір айларында АӨК өнімдерінің экспорты 3 миллиард долларды құрады, бұл былтырғы сәйкес кезең көрсеткішімен (2,2 миллиард доллар) салыстырғанда 36 пайызға артық.

«Жыл соңына қарай экспорт көлемін 7,2 миллиард долларға дейін ұлғайту жоспарланған», - деп атап өтті Сапаров.

Жайылымдық мал шаруашылығын ілгерілетуге ерекше назар аударылып отыр. Агроөнеркәсіп кешенін цифрлық тұрғыдан трансформациялау жалғасуда. «Е-АӨК» бірыңғай цифрлық платформасы базасында мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен жаңа цифрлық сервистер біріктіріліп жатыр.

Болжамға сәйкес, жыл соңына дейін ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 5,9 пайызға артады. Тағам өнімдері өндірісін 9,5 пайызға, сусын өндірісін 10,5 пайызға ұлғайту көзделген. Саладағы негізгі капиталға 2,2 триллион теңге инвестиция салынбақ.