Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Орталық Азияда ірі мұнай өңдеу зауытын салуды ұсынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бастама Чолпон-Атада өткен Орталық Азия мен Әзербайжан елдері басшыларының бейресми кездесуінде жарияланды. Рахмонның айтуынша, әлемдік және жергілікті нарықтардағы қазіргі жағдай зауыт салудың маңыздылығын арттырады.

«Осы аса маңызды мәселені ойластырайықшы. Салалық ведомстволарға ірі мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін пысықтау жұмысын тапсыруды ұсынамын», — деді ол.

Президент зауыт құрылысында заманауи технологияларды қолдану қажеттігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ өнімді тарату кезінде әрбір елдің ішкі сұранысын ескеру керектігін жеткізді.

Кездесуге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Ол Орталық Азияның рөлі сенімді түрде артып, әлемдік аренадағы аймақтың үні айқын әрі салмақтырақ шыға бастағанын айтты.