Қаржы министрлігі табысы мен мүлкі туралы декларация тапсыруы тиіс азаматтардың тізімін бекітті. Тиісті бұйрық жарияланды, деп хабарлайды qazaqyia.kz/.

«Жеке тұлғаның табыстары мен мүлкі туралы декларациясының (270.00-нысан) нысанын және оны жасау қағидаларын бекіту туралы» Қаржы министрлігінің бұйрығына бірқатар өзгерістер енгізілді.

Жаңа қағидаларға сәйкес, 270.00-нысандағы декларацияны (Салық кодексінің 633-бабы бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру міндеттемесі алғаш рет пайда болған жылдан кейінгі жылдан бастап) жыл сайын 31 желтоқсандағы жағдай бойынша тапсыру қажет.

Табыс пен мүлік туралы декларацияны кімдер тапсыруы керек?

Қазақстан азаматтары мен резиденттері бір жыл ішінде келесі жағдайлардың біріне сәйкес келсе, декларация тапсыруға міндетті:

  • 01Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң бойынша табысы мен мүлкін декларациялауға міндетті санаттарға жататындар.
  • 02Банктердің, сақтандыру компанияларының немесе басқарушы компаниялардың ірі қатысушылары, сондай-ақ олардың жұбайлары (резиденттер).
  • 03Компаниялардың басшылары немесе жарғылық капиталдағы (немесе акциялардағы) үлесі 10%-дан асатын иелер, сондай-ақ олардың жұбайлары (коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшыларынан басқа).
  • 04Жеке практикамен айналысатындар (мысалы: нотариустар, адвокаттар және т.б.).
  • 05Салықты өз бетінше төлеуі тиіс табыс алғандар (ЖК табысынан басқа).
  • 0631 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстаннан тыс жердегі шетелдік банктердегі шоттарда 1000 АЕК-тен (2025 жылы бұл 3,9 миллион теңге) артық ақшасы барлар.
  • 07Шетелде мүлкі барлар (сол елдің заңнамасы бойынша тіркелуі тиіс).
  • 0831 желтоқсандағы жағдай бойынша цифрлық активтері (мысалы, криптовалюта) барлар.
  • 09Алдын ала шегерімдер сомасы түріндегі салықтық шегерімдерді қолдану туралы салық агентіне өтініш бергендер.
  • 10Бір жыл ішінде Қазақстанда немесе шетелде 20 000 АЕК-тен (2025 жылы 78,6 миллион теңге) асатын мүлік сатып алғандар. Оларға: Жылжымайтын мүлік;
  • 11Автокөліктер/тіркемелер;
  • 12Компаниялардың жарғылық капиталындағы үлестер;
  • 13Бағалы қағаздар;
  • 14Туынды қаржы құралдары (негізгі активті сатып алу/сату арқылы орындалатындардан басқа);
  • 15Тұрғын үй құрылысындағы үлестер;
  • 16Инвестициялық алтын.

Бұйрықтың толық мәтінімен сілтеме арқылы танысуға болады. Құжат осы жылдың қараша айында күшіне енеді.

Жақында Мәжілісте Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов алдағы бес жылда Қазақстанда кәсіпкерлердің салық декларациясын тапсыру тәжірибесі толығымен жойылуы (автоматтандырылуы) мүмкін екенін хабарлаған болатын.