Көлік министрлігінің басшылығы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан–Ресей шекарасындағы «Сырым» автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстарының қарқынын тексерді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл – екі ел арасындағы ең ірі жүк өткізу бекеттерінің бірі әрі халықаралық автомобиль дәлізінің маңызды буыны.
Тексеру қорытындысы бойынша мердігер ұйымға және жауапты қызметтерге қажетті техника, жұмыс күші мен құрылыс материалдарының жеткілікті көлемін қамтамасыз ету тапсырылды.
Нақты міндет қойылды – сапа мен қауіпсіздік талаптарын төмендетпей, өткізу пунктін жаңғырту жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау.
Жұмыстардың орындалу барысы, бекітілген кестенің сақталуы және аралық кезеңдердің орындалуы Көлік министрлігінің ерекше бақылауына алынды, - делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар, шекараға кіреберіс жолдардағы жүк көліктерінің қозғалысын ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
