Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) ұйымдастырған студенттік командалық шахматтан әлем чемпионатының (FIDE World University Team Chess Championship-2026) топтық кезеңінің құрамы белгілі болды. Бұл тарихтағы алғашқы командалық шахмат Универсиадасы 4-9 тамыз аралығында Алматы қаласында өтеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жарысқа Қазақстаннан үш команда қатысады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) және Қазақ ұлттық спорт университетінің (ҚҰСУ) құрамалары D тобында ойнайды. Олармен бірге Индонезияның Гунадарма университеті және Ұлыбританияның Оксфорд университетінің студенттері де осы топта бақ сынайды.

Үшінші қазақстандық команда – Алматы Менеджмент Университеті (Alma-U) – С тобында ширек финалға жолдама алу үшін күреседі. Бұл топта Кембридж (Ұлыбритания), американдық Даллас және грек Афина университеттерінің студенттері бар.

А тобына Ресейдің УГГУ (Урал мемлекеттік тау-кен университеті), сондай-ақ Австралияның Мельбурн, Американың Гарвард және Қытайдың Пекин университеттерінің құрамалары кірді.

В тобын Оңтүстік Африканың Претория, АҚШ-тың Уэбстер және Сент-Луис, сондай-ақ Чили университеттерінің студенттік командалары құрайды.

Топтық кезеңде айналма жүйе бойынша өтетін матчтар әр топтан екі үздік команданы анықтайды. Одан әрі плей-офф кезеңі – ширек финал, жартылай финал, 3-орын үшін матч және финал өтеді.

Ойындар төрт тақтада өтеді. Әр команда құрамында кемінде бір ер және кемінде бір әйел болуы тиіс. Уақыт бақылауы – әр жүріске 45 минут плюс бірінші жүрістен бастап 30 секунд.

Турнирге халықаралық гроссмейстерлер қатысады: Димитрис Алексакис (Грекия), Чопра Арьян, Субраманият Бхарам, Чаттерджи Кустав, Адитья Самант (барлығы – Үндістан), Виктор Газик (Словакия), Николози Качарава (Грузия), Сергей Лобанов, Рудик Макарян, Арсений Нестеров (барлығы – Ресей), Яйр Пархов (Израиль), Франческо Сонис (Италия) және Казыбек Ногербек (Қазақстан).

Өз оқу орындарының намысын халықаралық шеберлер Меруерт Камалиденова, Сатбек Ахмединов, Арыстан Исанжулов, ФИДЕ шеберлері Жангир Бижигитов, Ерлан Тлеуханов, Нурасыл Жумабек және басқа да қазақстандықтар қорғайды.

Алғашқы командалық студенттік шахматтан әлем чемпионатының ашылу салтанаты 4 тамызда өтеді. Сол күні топтық кезеңнің алғашқы матчтары да ойналады.

Турнирді Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) Қазақстанның Туризм және спорт министрлігімен, Қазақстан шахмат федерациясымен (ҚШФ), Алматы қаласының әкімдігімен және Freedom Holding Corp компаниясымен бірлесіп ұйымдастырады.

Жалпы жүлде қоры – €50 мың. Чемпиондарға €25 мың, вице-чемпиондарға – €15 мың, ал үшінші орын алған команда €10 мың бөліседі.