Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "стоп-кредит" қызметі қандай жағдайларда шектеу қоя алмайтынын түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір қазақстандықтар eGov арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарта алады. Осылайша, "стоп-кредит" қызметі іске қосылады. Бұл қызмет азаматтың атына заңсыз кредит рәсімдеуге жол бермеуге мүмкіндік береді.
Алайда заңнамада "стоп-кредит" қолданылмайтын ерекше жағдайлар қарастырылған.
Шектеу қойылмайтын жағдайлар
Олар:
- 01тұтынушылық қарыз сомасы тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді сатушының банктік шотына тікелей аударылған жағдайда (қарыз алушы тауарды кредитке алатынын растауы қажет);
- 02банктік қарыз қарыз алушының сол банктегі басқа қарызы бойынша берешегін өтеуге жұмсалған жағдайда;
- 03төлем картасы бойынша 150 АЕК-тен (648 750 теңге) аспайтын мөлшерде белгіленген кредиттік лимит шеңберінде банктік қарыз берілген жағдайда;
- 04банктік қарыз арқылы салықтар, айыппұлдар немесе атқарушылық іс жүргізу бойынша берешек төленген жағдайда.
Микрокредиттерге қатысты да осындай ерекше жағдайлар қарастырылған. Ал ломбардтар беретін микрокредиттерге "стоп-кредит" қолданылмайды.
Бұзушылық болса не болады
"Егер банктік қарыз немесе микрокредит "стоп-кредит" талаптарын бұза отырып берілсе, қаржы ұйымы заңда көзделген шараларды қабылдауға міндетті. Атап айтқанда, қарызды есептен шығарып, кредиттік тарихты түзетуі және қарыз алушыдан өндіріп алынған соманы қайтаруға тиіс", – дейді агенттік мамандары.
Айта кетейік, адамның атына кредит рәсімдеуге тыйым салатын бұл қызмет бірнеше жыл бұрын енгізілген.
