Степногорскте балаларға заңсыз көрсетілген стоматологиялық қызметтер үшін 2,5 млн теңге қайтарылды, деп хабарлады Бас прокуратура. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Степногорск қаласының прокуратурасы кәмелетке толмаған балаларға тиісті маман сертификатынсыз медициналық қызмет көрсету фактілерін анықтады.
Атап айтқанда, "Viamedis" ЖШС филиалының тіс дәрігері балаларға медициналық қызмет көрсету құқығын беретін тиісті маман сертификатынсыз медициналық көмек көрсеткен.
"Аталған дәрігер 345 кәмелетке толмаған пациентке медициналық қызмет көрсеткені, ал көрсетілген қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен төленгені анықталды. Негізсіз төленген медициналық қызметтердің жалпы сомасы 2 569 792 теңгені құрады", - деп жазылған хабарламада.
Балаларға қажетті рұқсат құжаттарынсыз медициналық көмек көрсету олардың денсаулығына қауіп төндіріп, сапалы әрі білікті медициналық көмек алу құқықтарын бұзған.
Прокурорлық қадағалау нәтижесінде 2 569 792 теңге мемлекетке қайтарылды.
