Қазақстанда ресми статистика инфляцияны 12,3% деп көрсетсе де, халықтың сезінетін шығыны бұдан әлдеқайда жоғары, себебі негізгі азық-түлік пен қызметтер 30%-дан астам қымбаттаған, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша кейбір тауарлардың бағасы айтарлықтай өскені байқалды: тұрмыстық техника 20-30%, ал зергерлік бұйымдар 38,2%-ға дейін қымбаттады. Алайда, Ұлттық статистика бюросы жылдық инфляцияны 12,3% деңгейінде бекітті. Осыдан кейін «егер жекелеген тауарлар 30%-ға қымбаттаса, жалпы көрсеткіш неге сонша төмен?» деген заңды сұрақ туындайды.

Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленованың пікірінше, бұл алшақтықтың басты себебі – ресми және халық сезінетін инфляцияны есептеу әдістемесінің екі түрлі болуында.

««Ресми инфляцияны үй шаруашылықтары мен бизнес деңгейінде сезілетін «нақты инфляциядан» ажырата білу маңызды. Ресми индекс тұтыну себетіндегі тауарлардың орташа өсімін есептейді. Ал нақты инфляция – бұл бір отбасының тұтынатын тауарлары мен қызметтеріне жұмсайтын шығындарының динамикасы. Нәтижесінде, сезілетін инфляция 15–18% және одан да жоғары болуы мүмкін», – дейді сарапшы.»

Сарапшының сөзінше, баға өсімінің құрылымына үңілсек, қысымның статистикадан неге күштірек сезілетінін түсінуге болады. Ең қатты қымбаттаған – отбасы бюджетінің негізгі бөлігін құрайтын базалық шығындар.

««Мысалы, бір жыл ішінде сиыр еті – 32,1%, қой еті – 28,8%, шұжық өнімдері – 19,3%, алма – 18,4%, күнбағыс майы – 17,5%, ал алкогольсіз сусындар 16,3%-ға қымбаттады. Бұған сүт өнімдері (11,2%) мен құс етін (10,7%) қосыңыз. Сонымен қатар, сұйытылған газ (23,2%), АИ-92 бензині (16%), тұрғын үйді жалға алу (14,8%), денсаулық сақтау (14,5%) және қоғамдық тамақтану (14%) сияқты міндетті шығындар да едәуір өсті», – деп нақтылады Саида Тілеуленова.»

Сонымен, ресми дерек пен нақты өмірдегі алшақтық статистикалық қателікке байланысты емес. Инфляция индексі тұтыну себетіндегі барлық тауардың «орташа температурасын» көрсетеді, оның ішінде бағасы өзгермеген немесе баяу өскен тауарлар да бар. Ал қарапайым халық үшін отбасылық бюджеттің негізгі бөлігін алатын азық-түлік, жанармай, пәтер жалдау және медициналық қызметтердің қымбаттауы әлдеқайда маңызды. Дәл осы шығындар орташа көрсеткіштен жылдам өскендіктен, халық сезінетін инфляция ресми деректен әрдайым жоғары болады.

Фото: Әлеуметтік желіден