Түркияда 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың Стамбулда жұмбақ жағдайда қаза табуына қатысты тергеу жалғасуда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға 25 қазан күні таңертең Шишли ауданында болған. Алдын ала болжам бойынша, Бекмаханова алтыншы қабаттағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өткен. Аяғының астындағы панель сынып, қыз ғимараттар арасындағы кеңістікке құлаған. Дәрігерлер оның өлімін сол жерде тіркеген. Осыдан кейін полиция оның көршісі мен болжамды сүйіктісін ұстаған.

Тергеу барысында жаңа мәліметтер пайда болды. Қыздың көршісі мен болжамды сүйіктісі сот бақылауымен босатылып, елден шығуға тыйым салынды. Бұл туралы DHA агенттігі хабарлайды.

Оқиғадан кейін ұсталғандар – қазақстандық қызбен бірге тұрған 22 жастағы ресейлік Дарья Б. және 35 жастағы Мазхар Т. – жауап алынғаннан кейін сотқа жеткізілді. Екеуі де сот бақылауымен босатылып, Түркиядан кетуге тыйым салынды, деп жазады Haber Global. Тергеу жалғасуда.

Сонымен қатар, қайғылы оқиға алдындағы қыздың бейнежазбалары пайда болды. DHA агенттігінің хабарлауынша, бейнежазбаларда Айсұлу агенттік оның сүйіктісі деп атаған ер адамға келіп, содан кейін одан шығып, көше бойымен жүріп, үйіне қайта оралғаны көрінеді. Ер адамның айтуынша, қыз одан шамамен 07:40-та кеткен.

Бұған дейін Айсұлудың шатырдың шетінде тұрған суреті пайда болған, оны Дарья түсірген. Көршісі полицияға шамамен 08:15-те құрбысын сол жерде көріп, қайтуын сұрағанын айтқан.

«Мен осында отырамын, сен ұйықтауға бар», – деп жауап берген Айсұлу, Дарьяның айтуынша. Осыдан кейін ресейлік қыз бөлмеге қайта оралған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі отандасының қаза табуын растады. Дипломаттар оның туыстарымен байланысып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Тергеу министрліктің бақылауында.