Солтүстік Қазақстан облысында шаруа қожалығының басшысын атып өлтірген 23 жастағы жігіт 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиға 2023 жылдың күзінде Докучаево ауылында болған. 23 жастағы Вадим Орлов мас күйінде қолына мылтық алып, «кек алуды» көздеген. Ол алдымен басқа ауыл тұрғынына шабуыл жасап, кейін фермер Азамат Батановтың үйіне барып, жалақысын талап еткен.
Іс материалдарына сәйкес, фермер өзін қорғамақ болып, аспанға ескерту оғын атқан. Алайда Орлов оны өз мылтығымен атып, артынша марқұмның қаруын алып, тағы бірнеше рет оқ атқан.
Алқабилер соты сотталушыны кінәлі деп таныды. Сот оның шын жүректен өкінгенін ескергенімен, қылмысты мас күйінде жасауын жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қарады.
Сондай-ақ қылмыс қаруын жасырған Орловтың сыбайласы екі жылға сотталды. Сот үкімімен сотталушы марқұмның отбасындағы әр адамға 2,5 миллион теңгеден өтемақы төлеуге міндеттелді.
Фото: Әлеуметтік желіден
