Республикалық маңызы бар «Астана – Көкшетау – Петропавл – РФ шекарасы» автомобиль жолының қайта жаңартылған 30,2 шақырымдық учаскесінде негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, көлік қозғалысы ашылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайта жаңарту жұмыстары жолдың 465–496 шақырымдары аралығында жүргізілді. II техникалық санаттағы бұл жол Солтүстік Қазақстан облысының маңызды көлік бағыттарының бірі саналады.
«Ол өңірішілік қатынасты қамтамасыз етумен қатар, халықаралық транзиттік тасымалда маңызды рөл атқарады. Аталған автожол Қазақстан мен Ресей Федерациясын байланыстыратын маңызды транзиттік бағыттардың бірі. Ол екі елдің өнеркәсіптік орталықтары арасындағы жүк және жолаушылар тасымалын қамтамасыз етеді», – дейді «ҚазАвтоЖол».
2015 жылы бұл учаскедегі орташа тәуліктік қозғалыс қарқындылығы 2 793 автокөлікті құраса, бүгінде тәулігіне орта есеппен 5 034 көлік өтеді. Яғни көлік ағыны 80%-дан астам өскен.
