Ресей Сыртқы істер министрлігі Танзания мен Оңтүстік Африкада Sputnik редакциялық орталықтарының ашылуына қатысты Сергей Лавровтың бейнеүндеуін жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Министр осы маңызды бастаманы жүзеге асыруға көрсеткен көмегі үшін аталған африкалық мемлекеттердің билігіне алғысын білдірді.

«Қабылдаушы елдер тарапынан көрсетілетін қолдау – журналистердің тиімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуі үшін аса маңызды шарт. Сондай-ақ, Sputnik ақпарат агенттігінің басшылығына, редакциялық ұжымдарына, серіктестеріне және жоба ұйымдастырушыларына кәсібилігі, өз ісіне берілгендігі әрі атқарған ауқымды жұмыстары үшін шын жүректен алғысымды білдіремін», – деді Лавров.

Ол Sputnik-тің Африкада 2022 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Осы қысқа уақыт ішінде агенттік аймақта тілшілердің ауқымды желісін құрып, ең танымал шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының біріне айналды.

«Аддис-Абебада 2025 жылдың ақпанынан бері редакциялық орталық жұмыс істеп келеді. Жетекші бұқаралық ақпарат құралдарымен және кәсіби бірлестіктермен серіктестік орнатылды. "Sputnik Africa" беделді салалық байқаулар мен марапаттарда бірнеше рет жеңімпаз атанып, жоғары бағаға ие болды. Агенттік қызметкерлері өз материалдарында құрлық үшін маңызды тақырыптарды, соның ішінде неоколониалдық тәжірибелерге қарсы тұру, ұлттық бірегейлікті сақтау және өмірдің барлық саласында мемлекеттік егемендікті нығайту мәселелерін жан-жақты қамтиды», — деп атап өтті министр.