Air Astana ұшағының бір тәулікке кешігуі салдарынан астанадағы іс-шараға қатыса алмаған шоумен мен диджей сот арқылы әуе компаниясынан 2,3 миллион теңгеден астам өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Оқиға 2024 жылы болған. Шоумен Артем Примак пен диджей Ян Пинчук Грузиядан Астанаға ұшып келіп, мейрамханада өтетін кешті жүргізуі керек еді. Олар іс-шараны ұйымдастырушылармен келісімшарт жасасқан, онда жұмыс орындалмаған жағдайда айыппұл төлеу қарастырылған.
Алайда әуе рейсі күтпеген жерден бір тәулікке шегерілген. Салдарынан Примак пен Пинчук Астанаға кешігіп келіп, келісілген шараға қатыса алмаған. Осыдан кейін тапсырыс беруші компания оларды сотқа беріп, өтемақы талап еткен. Тараптар бітімгершілік келісіміне келіп, шоумен мен диджей 1,16 миллион теңгеден астам қаржы төлеуге мәжбүр болған.
Өз кезегінде Артем Примак пен Ян Пинчук шығындарын өндіріп алу үшін Air Astana компаниясының үстінен сотқа талап-арыз түсірді. Істі Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотының судьясы Индира Әбекова қарады. Сот барысында рейстің ұшқыштың сырқаттанып қалуына байланысты кешіккені анықталды.
Судья бұл жағдайды форс-мажор, яғни еңсерілмейтін күш жағдайы деп санауға негіз жоқ деген қорытындыға келді. Демек, болған оқиғаға әуе тасымалдаушысы толық жауапты.
Осыған байланысты сот Air Astana-ны Артем Примак пен Ян Пинчукке келтірілген 2,3 миллион теңгеден астам (әрқайсысына 1 165 824 теңге) мүліктік шығынды толық өтеуге міндеттеді. Бұдан бөлек, әуе компаниясы рейсті кешіктіргені үшін айыппұл (шамамен 100 мың теңге) және мемлекеттік баж салығын төлейтін болды. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Фото: Informburo
