Солтүстік Қазақстан облысында жүкті әйелдің шұғыл госпитализациядан кейін қайтыс болуы тергелуде. Туыстары трагедияға жедел жәрдем көлігінің 1,5 сағат бойы жүрген жолдың нашар жағдайы себеп болғанын айтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Трагедия Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында болды. Туыстарының айтуынша, 3 шілде күні кешке 34 жастағы Дәрима Сагдеева, жүктілігінің соңғы айларында, кенеттен өзін нашар сезінген. Әйел есін жоғалтқан, содан кейін орынға дәрігерлер шақырылған.
Марқұмның күйеуі Азамат Сагдеев әйелін ауруханаға тезірек жеткізсе, трагедияны болдырмауға болатынына сенімді.
«Түнгі сағат 12-де жедел жәрдеммен оны аудандық ауруханаға – Пресновкаға апарды. Мен өз көлігіммен жедел жәрдемді сүйемелдедім. Жүргізуші баяу жүрді. Бірнеше рет тоқтадық. Мен неге сонша баяу жүрсіздер деп сұрадым. Ол әйелім әрбір шұңқырдан ауырғанынан айқайлайды деп жауап берді. Айымжан ауылының жанында екінші жедел жәрдем – реанимобиль күтіп тұрды. Әрі қарай әйелімді сонымен апарды. Бұзылған жолмен 37 шақырымды бір жарым сағат жүрдік. Оны ауруханаға жеткіздік. Бірақ таңғы сағат төртте маған әйелімді құтқара алмағанын хабарлады», – деді ол.
Күйеуінің айтуынша, дәрігерлер тасымалдау кезінде әйелдің жүрегі екі рет тоқтағанын хабарлаған. Өлім себебі – жатырдың жарылуы және ішкі қан кету. Баланы да құтқару мүмкін болмады.
Марқұмның әкесі Марат Рахметов Дәриманың оның жалғыз қалған баласы екенін айтты.
«Бұл менің жалғыз қызым. Ұлым болған – ол қайтыс болды. Содан кейін әйелім қайтыс болды. Енді қызымнан айырылдым. Дәрима күйеуімен қалада тұрды. Мен жалғыз қалған соң, олар ауылға көшіп келді. Мен осы үш жыл олармен бірге тұрдым. Қызым мұнда мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Оны бәрі құрметтейтін. Қазір менде екі немерем қалды. Оларға әлі болған жағдайды айтпадық. Аналары іссапарда дедік», – деді марқұмның әкесі.
Трагедиядан кейін Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Дәрима Сагдееваның туыстары объективті тергеуді талап етеді және тек дәрігерлердің әрекеттеріне ғана емес, науқас әйелді тасымалдаған жолдың жағдайына да баға берілуі керек деп санайды.
Жариялылықтан кейін өңір билігі Пресновка – Қайраңкөл автомобиль жолын жөндеуге басымдықты қаржыландыру бөлінетінін мәлімдеді.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кенесовтың айтуынша, жұмыс үш кезеңде жүргізіледі.
«Бүгінгі күні жұмысты үш кезеңде жүргіземіз. Бірінші кезең – Қайраңкөлден Украинское ауылына дейін, екіншісі – Украинскоедан Благовещенкаға дейін, содан кейін Пресновкаға дейін. Бірінші кезең бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын, сараптама қорытындысы алынды. Жақын арада мердігер анықталып, жұмыс басталады», – деді ол.
Осы уақытта Жамбыл ауданының тұрғындары әлеуметтік желілерде бұзылған жолдың фотосуреттері мен бейнежазбаларын жариялауды жалғастыруда. Марқұмның туыстары бір ай ішінде дайын болатын сот-медициналық сараптама нәтижелерін күтуде.
