Солтүстік Қазақстан облысында жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысып, екі адам қаза тапты. Қатты соққыдан кейін екі көлік те лезде отқа оранған, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиға 7 ақпан күні сағат 15:10 шамасында Қызылжар ауданы Қарлыға ауылының маңында болған. «Жезқазған-Арқалық-Петропавл» тасжолының 927-шақырымында Toyota Camry және Shacman көліктері бетпе-бет соқтығысқан.
Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, Toyota Camry көлігінің 55 жастағы жүргізушісі Петропавлдан Явленка ауылына қарай келе жатқан. Ол белгісіз себеппен қарсы бағытқа шығып кетіп, 37 жастағы азамат тізгіндеген Shacman жүк көлігіне соғылған.
Соққының қатты болғаны сонша, жеңіл көлік пен жүк көлігінің кабинасы лезде өртке оранған. Салдарынан Toyota Camry жүргізушісі мен оның жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Олардың денелері толықтай жанып кеткен.
Ал жүк көлігінің жүргізушісі ауруханаға жатудан бас тартты. Дәрігерлер оның кеуде қуысын соғып алғанын анықтады.
««Toyota Camry жеңіл көлігі мен Shacman жүк көлігінің соқтығысуы және соның салдарынан екі адамның қаза табуы дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.»
—
Қазіргі таңда жол апатының себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Фото: Әлеуметтік желіден
