Солтүстік Қазақстан облысында жібек құртының жаппай таралуы тіркелді. Зиянкес алты аудандағы 22 мың гектардан астам орман алқабын зақымдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарнаның мәліметінше, жәндіктер 22 мың гектардан астам орман массивін зақымдаған. Зиянкестің таралуын тежеу үшін мамандар зардап шеккен аумақтарды өңдеуге кірісті. Жұмыстарды жүргізуге жергілікті бюджеттен 50 млн теңге бөлінді.
Табиғи ресурстар басқармасы бөлімінің бастығы Василий Лабанчук тұрғындарды өңдеу жүргізу туралы алдын ала ескерткенін айтты. Оның сөзінше, қолданылатын препараттар адамдарға қауіп төндірмейді.
«Біз өңдеу жүргізілетін жерде тиісті ескерту орналастырдық, ол адам үшін қауіпті емес. 3–4 күн ішінде, негізінен, осыдан кейін саңырауқұлақтарды, жидектерді және т.б. жинауға болады. Бізде осындай жағдай 2014 жылы, 2007–2008 жылдары, 1999 жылы, 1994 жылы болған, онда едәуір аумақтар, жүз мың гектардан астам жер қамтылған», — деді Василий Лабанчук.
Мамандардың бағалауынша, жібек құртының шабуылынан ең көп зардап шегетіндер — қайың мен терек. Құрттар ағаштардың жапырақтарын толығымен жойып жібере алады, ал құрамындағы улы заттардың кесірінен оларды құстар да жемейді.
Сарапшылар ыстық және құрғақ ауа райы зиянкестің белсенді көбеюіне ықпал ететінін атап өтеді. Көбелекке айналғаннан кейін бір аналық жібек құрты 400-ге дейін жұмыртқа сала алады, бұл жәндіктің таралуын айтарлықтай жеделдетеді.
