Солтүстік Қазақстан облысында күрделі жөндеуден өткен үш вокзал пайдалануға берілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
1958 жылы салынған Тайынша вокзалының ауданы бұрын 375 шаршы метр болған. Күрделі жөндеуден кейін ол 580 шаршы метрге дейін кеңейді. Бүгінде осы станция арқылы аймақты Астана, Алматы, Петропавл, Қарағанды, Қызылорда, сондай-ақ Қырғызстан және Ресеймен байланыстыратын 12 жолаушылар пойызы өтеді.
Жаңаесіл вокзалының салынғанына биыл 66 жыл болды. Күрделі жөндеуден кейін ғимараттың ауданы 429-дан 570 шаршы метрге дейін өсті.
Үшінші вокзал – 60 жылдық тарихы бар Саумалкөл станциясы. 207 шаршы метр ғимарат толығымен жаңартылды.
Айта кетері, бүгінде республика бойынша жүздеген вокзал жөнделіп жатыр. Премьер-министр осы жұмыстарды аяқтаудың нақты мерзімін белгілеп берді.
