Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Имантау көлінде Ресей Федерациясының төрт азаматы құтқарылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Демалушылар резеңке қайықпен көлге шыққан. Қатты жел мен биік толқын салдарынан қайық аралға қарай ығысып, олар жағалауға өздігінен қайта алмаған.
Ер адамдар құтқару кеудешелерін киіп, жағалауға өз беттерінше жүзіп жетуге шешім қабылдаған. Алайда олар өз күштері мен ауа райы жағдайын дұрыс бағаламаған. Қатты жел мен толқын суда қозғалысты едәуір қиындатқан.
Оқиға туралы хабарлама алған құтқарушылар жедел түрде оқиға орнына барып, төрт адамның барлығын жағалауға жеткізді. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болмаған.
