Солтүстік Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі сауу қондырғысымен жабдықталған мегаферма ашылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мағжан Жұмабаев ауданында бір мезетте 100 сиырды саууға арналған сауу қондырғысымен жабдықталған сүт-тауар фермасы іске қосылды. Жоба толық қуатына шыққаннан кейін кәсіпорын тәулігіне 150 тоннаға дейін сүт өндіреді.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 30 млрд теңге. Оны іске асыру нәтижесінде 120-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Жобаның ерекшелігі
Жобаның басты ерекшелігі – Германияның GEA WESTFALIA бренді шығарған, бір мезетте 100 сиырды саууға арналған Орталық Азиядағы ең ірі "Карусель" сауу қондырғысы. Бұл жүйе жоғары өнімділікті, малдың жайлылығын және өндірістік процестердің толық цифрландырылуын қамтамасыз етеді.
Фермада енгізілген барлық технологиялық шешімдер әлемдік сүт шаруашылығы стандарттарына толық сәйкес келеді.
Өңірдегі сүт фермалары
Жалпы өңірдегі 118 сүт-тауар фермасының 50-ден астамы бүгінде "ақылды" кәсіпорын форматында жұмыс істейді.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов атап өткендей, Геннадий Зенченконың жаңа фермасында шамамен 9 мың бас мал бар, оның ішінде 3,6 мың басы – сауын сиырлар. Мұнда Германияның GEA WESTFALIA компаниясының 90 басқа арналған сауу каруселі жұмыс істейді.
"Ал жаңа "СК Агро 2050" кешені бұдан да ауқымды болады: мұнда жалпы мал басы 12 мыңға жетеді, ал 100 басқа арналған сауу қондырғысы Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ірісі", – деді әкім.
