Солтүстік Қазақстан облысында жедел жәрдем мамандары өрілген тұзды ірімшік – «чечилге» қақалып қалған ауыл тұрғынын ажалдан аман алып қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

50 жастағы ер адамның дем ала алмай жатқаны туралы хабар Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылынан түскен. Фельдшерлік бригада келгенде науқас клиникалық өлім жағдайында болып, оның қан тамыры да соқпаған.

Мамандар дереу жүрек-өкпе реанимациясын жасаған. Онымен қатар, жүрекке жанама массаж, жасанды тыныс алдыру, көктамыр ішіне адреналин енгізу сияқты шаралар атқарылған. Ал тікелей ларингоскопия кезінде тыныс жолынан бөгде зат – «чечил» ірімшігі анықталды. Жедел жәрдем мамандары оны алып тастады. Содан кейін кеңірдек интубациясы орындалды.

Реанимациядан кейінгі шараларды жүргізуге тура келді. Олар: тыныс жолдарына интубациялық түтік орнату; өкпені Амбу қапшығы арқылы жасанды желдету; перфузор арқылы көктамыр ішіне допамин инфузиясы. Ауруханаға бара жатқан жолда науқас өздігінен тыныс ала бастаған. Вазопрессорлық препараттардың көмегімен гемодинамикасы да қалпына келген.

Қазіргі кезде науқас есін жиды, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Айта кетері, науқасқа жедел жәрдеммен барған үш маманның да жоғары біліктілігі бар. Атап айтқанда, Айдар Омаров былтыр Ақтау қаласында өткен жедел медициналық жәрдем бригадаларының республикалық чемпионатында СҚО құрамасының көшбасшысы әрі жүлдегері болды. Павел Кузурман халықаралық BLS, ACLS, PALS, PHTLS пен NR стандарттары бойынша бірнеше мәрте білімін шыңдап, трейсер форматындағы аттестаттаудан сәтті өткен. Бақыт Валеев та жедел жәрдем көрсету барысында науқастар мен зардап шеккендерге көмек көрсетуге белсенді қатысады.