Солтүстік Қазақстан облысында 21 жастағы ер адам оң қолынан ауыр жарақат алып, Петропавл қалалық көпбейінді ауруханасының травматология бөліміне жеткізілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ер адам ауруханаға түскен кезде қолының еттартқышқа түсіп кеткенін айтқан. Аурухана мәліметінше, оның жағдайы ауыр болған.

«Жарақат салдарынан саусақтарының бір бөлігі травматикалық жолмен ампутацияланған. Сондай-ақ, қол сүйектері, сіңірлері мен жұмсақ тіндері зақымданған», – деп хабарлады ауруханадағылар.

Пациент шұғыл түрде травматология бөлімшесіне жатқызылды. Хирургия бригадасының алдында әлі де сақтап қалуға болатын тіндердің барлығын аман алып қалу және қолдың қызметін барынша қалпына келтіру сияқты күрделі міндет тұрды.

Ота барысында дәрігерлер зақымданған сүйектерді металл конструкциялар арқылы бекітіп, жараларға хирургиялық өңдеу жүргізді және зақымданған сіңірлерді қалпына келтірді.

Жарақаттың күрделі екеніне қарамастан, мамандар саусақтардың қалған бөліктерін сақтап, қолдың қызметін одан әрі қалпына келтіруге мүмкіндік жасады. Хирургиялық емнен кейін пациент стационарда қалпына келуді жалғастырды.

Ер адам ауруханада барлығы 16 күн болды. Дәрігерлер еттартқыш және басқа да механизмдермен жұмыс істегенде барынша сақ болу керегін ескертеді.