Әлемдегі ең жабық мемлекет Солтүстік Кореяда билік транзитіне қатысты маңызды оқиға болуы мүмкін. Сарапшылар Пхеньянда өтетін Еңбек партиясының кезекті съезінде Ким Чен Ын өзінің 13 жастағы қызы Ким Чжу Эні ресми мұрагері ретінде таныстыруы ықтимал деп болжайды, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Солтүстік Кореяны 1948 жылдан бері Ким әулеті басқарып келеді. Алғашында ел тізгінін Ким Ир Сен ұстаса, одан кейін билік оның ұлы Ким Чен Ирге, ал 2011 жылы немересі Ким Чен Ынға өткен. Енді бұл дәстүрді төртінші буын өкілі, Ким Чен Ынның қызы жалғастыруы мүмкін деген болжамдар жиіледі.
Бұған Ким Чжу Энің соңғы екі жылда саяси аренада жиі көрінуі себеп. 2022 жылдан бастап Ким Чен Ын қызын әскери парадтар мен зымыран сынақтары сияқты маңызды мемлекеттік шараларға үнемі ертіп жүр. Үкіметтік БАҚ таратқан суреттерде Ким Чжу Э әкесімен тең дәрежедегі тұлға ретінде көрсетіліп, кейде мемлекеттік істерге араласып жатқандай әсер қалдырады.
Оңтүстік Корея сарапшыларының пікірінше, бұл қадамдар Ким Чен Ынның қатыгез имиджін жұмсартуға және елдің сыртқы келбетін жақсартуға бағытталған болуы мүмкін. Алайда, мұның астарында билікті отбасы ішінде сақтап қалуға бағытталған нақты саяси есеп жатқаны анық.
Саясаттанушы Дәулет Бәкішев бұл жағдайға қатысты өз ойын білдірді:
«Менің жеке ойым мынадай: лениншіл және сталиншіл саяси күштер қаншама «ауысып», «реформа жасаса да», олар билік тізгінінен өз еркімен айырылмайды және билеуші партияның рөлі барған сайын күшеймесе, ешқашан әлсіремейді.»
—
Егер бұл болжам расталса, Ким Чжу Э әлем тарихындағы диктаторлық режимді мұрагерлікке алатын ең жас тұлғалардың біріне айналуы мүмкін. Алдағы партия съезі Солтүстік Кореяның болашағына қатысты көптеген сауалға жауап береді деп күтілуде.
Фото: Әлеуметтік желіден
