2025 жылдың 1 қазанынан бүгінге дейін Сырдария өзені арқылы Солтүстік Арал теңізіне 1,4 млрд текше метр су жіберілді, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Биылғы вегетация кезеңінде теңізге секундына 40 текше метр су ағызылып жатыр. Қазіргі таңда Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,5 млрд текше метрді құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда теңіз суының тұздылығы орта есеппен 10%-ға төмендеп, 7,9 промиллеге жетті. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында теңізден 4,2 мың тонна балық ауланды.

Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Арал ауданының балықшыларымен кездесіп, теңіздегі су көлемін ұлғайту мәселесін талқылады. «Ауыл шаруашылығында су пайдалану лимиттері бекітілгенін білеміз. Алайда кейбір шаруалар бұл талаптарды сақтамайды. Сондықтан бұл мәселені қатаң бақылауға алу қажет деп есептейміз. Біз, балықшылар, Сырдарияның төменгі ағысында орналасқандықтан облыстағы балық шаруашылығының тұрақтылығы үшін диқандардың суды үнемдеп пайдалануы аса маңызды. Үнемделген су өңірдегі су айдындарын сақтап қалуға өте қажет», - деді «Арал» сервистік-дайындау орталығы» ЖШС директоры Әділбек Айымбетов.

Сондай-ақ балықшылар Сырдария өзеніне суды тиімдірек жіберу үшін Аманөткел су торабын немесе шлюз салуды ұсынды. Бұл су өткізу көлемін секундына 100 текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.