Премьер-министр Олжас Бектенов Smart Turmys бірыңғай цифрлық платформасын енгізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкіметте Smart Turmys жүйесін енгізу мәселесі осыдан бір жыл бұрын көтерілген болатын. Жоба аясында әрбір тұрғын мобильді қосымша арқылы үйіндегі есептеу құралдарының көрсеткіштерін көре алады. Сондай-ақ жасанды интеллект тарифтердің қай жерде және қандай себеппен өзгергенін көрсетіп отырады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, биыл жылдың соңына дейін Smart Turmys платформасының алғашқы модульдерін пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр. «Платформа абоненттердің бірыңғай тізілімін қалыптастыруға, коммуналдық төлемдерді есепке алуды цифрландыруға және барлық коммуналдық ресурсты тұтынуды мониторингтеуге мүмкіндік береді», – деді Нағаспаев үкімет отырысында.

Премьер-министр аталған жұмысты жеделдетуді тапсырды. «Өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ Энергетика министрліктері Smart Turmys бірыңғай цифрлық платформасын енгізу жұмыстарын жеделдетсін», – деді Бектенов.

Айта кетері, цифрлық платформаны толық іске қосу үшін халықты есептеу құралдарымен барынша қамтамасыз ету қажет. Республикалық маңызы бар қалаларда, облыс орталықтарында және аудандарда коммуналдық инфрақұрылымды есепке алу құралдарымен 100% қамту 2029 жылға қарай жоспарланып отыр.