Словакияның бас прокуроры Марош Жилинка елдің бұрынғы билігі тұсында Украинаға әскери техниканың берілуіне қатысты істер бойынша тергеуді қайта бастауды тапсырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның пікірінше, аталған істерді жабу туралы шешім мерзімінен бұрын қабылданған.
Бұған дейін, қыркүйек айында, Словакия Бас прокуратурасы республиканың бұрынғы басшылығының Украинаға МиГ-29 жойғыш ұшақтары мен С-300 әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін беруіне қатысты істердің жабылуын заңды деп таныған болатын.
Сол кезде Словакиядан сайланған Еуропарламент депутаты Любош Блага Бас прокуратураны елге келтірілген зиянға көз жұма қарап, айқын ұрлықты жасыруға тырысып отыр деп айыптаған еді.
«Мен әскери техниканы беру фактілеріне қатысты істер бойынша тергеуді қайта бастауды тапсырдым», – деп жазды Жилинка әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, материалдарды зерделей келе, істерді жабу туралы шешімнің мерзімінен бұрын қабылданғаны жөнінде қорытындыға келген.
Ақпан айында прокурор Растислав Ремета Словакияның бұрынғы басшылығының Украинаға МиГ-29 жойғыш ұшақтары мен С-300 жүйесін беруіне қатысты істердің жабылғанын хабарлаған болатын. Оның түсіндіруінше, республикаға материалдық залал келтірілгені дәлелденбеген. Сондай-ақ әскери техниканың қызмет ету мерзімі аяқталған және оны күтіп ұстауға қажетті ресурстар болмаған.
Сол кезде Словакия премьер-министрі Роберт Фицо бұл шешімді саяси астары бар әрекет деп атады. Оның пікірінше, прокуратура әскери техниканы Украинаға беру туралы шешім қабылдаған елдің бұрынғы басшылығын қорғауға тырысқан.
