Биыл қаңтар-қыркүйек айларында медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында 8 миллионнан астам скринингтік тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 150 мыңнан астам адам медициналық бақылауға алынды, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының мәліметінше, биыл қаңтар-қыркүйек аралығында глаукоманы анықтау мақсатында 1,74 млн адам скринингтен өтті. Олардың шамамен 4,6 мыңы медициналық бақылауға алынды.

Қант диабетін анықтауға арналған скринингпен 1,66 миллион адам қамтылып, олардың шамамен 30,7 мыңы медициналық бақылауға алынды. Артериялық гипертензия мен жүректің ишемиялық ауруын анықтау үшін 1,47 миллион адам тексерілді. Олардың 97 мыңы медициналық бақылауға жіберілді, дейді министрлік.

Ми қан айналымының бұзылуын ерте анықтауға арналған скринингтен 281 мың адам өткен. Оның ішінде 14,2 мыңы медициналық бақылауға алынды.

Скринингтік бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – онкологиялық ауруларды ерте анықтау. Сүт безі обырына 1,09 миллионнан астам әйел, жатыр мойны обырына 777 191 әйел тексерілді. Колоректалдық обырды анықтауға арналған скринингпен 1,35 миллион адам қамтылды.

Тексеру нәтижесінде сүт безі обырының 2 037 жағдайы, жатыр мойны обырының 374 жағдайы және колоректалдық обырдың 601 жағдайы анықталды.

Артериялық гипертензия мен жүректің ишемиялық ауруын анықтау бойынша көрсеткіш 84,8%-дан 79,7%-ға төмендеген. 2025 жылы бірқатар тексеру түрлері бойынша жоғарғы жас шегі 76 жасқа дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ 50–76 жас аралығындағы ерлер үшін ми қан айналымының бұзылуын ерте анықтауға арналған скрининг енгізілді.