Солтүстік Қазақстан облысында мас күйіндегі ер адам қызметтік көлікте учаскелік полиция инспекторына пышақпен шабуыл жасады. Оқиға шілде айының соңында Қызылжар ауданының Лебедки мен Налобино ауылдары аралығында болған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, полицей қоғамдық орында мас күйінде жүрген ер адамды медициналық куәландыруға апарып бара жатқан. Жол барысында тәртіп бұзушы пышақ алып, учаскелік инспекторға шабуыл жасаған.
Полицей кесілген жарақат алғанына қарамастан, ер адамның қолындағы пышақты қағып түсіріп, көлікті тоқтата алған.
«Учаскелік полиция инспекторы полиция бөліміне мас тәртіп бұзушыны жеткізу кезінде кесілген жарақат алды, ол қызметтік көлікте полицейге шабуыл жасады. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 380-бабының 5-бөлігі бойынша — билік өкіліне қатысты қауіп төндіру немесе зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша қозғалды. Қызметтік міндетін атқару кезінде полицейдің өміріне немесе денсаулығына қауіпті зорлық қолданғаны үшін жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Полицияда учаскелік инспектор қажетті медициналық көмек алғаннан кейін және қалпына келген соң қызметіне оралғанын қосымша айтты.
Бұған дейін «Курсив» Алматыда «Атакент» көрме кешенінің жанында балалар тобына жасалған шабуылға қатысты полиция тергеу бастағанын жазған болатын. Зардап шеккендердің бірінің анасының айтуынша, ер адам 10 жасар баланы бетінен ұрып, балаларды жазалаймын деп қорқытқан. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді, болған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
