Сингапур билігі британдық Massive Attack тобының екі негізгі мүшесіне Палестина жалауын көрсеткені және Палестина ісіне қолдау білдіргені үшін елге қайта кіруге тыйым салды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сингапур полициясының мәлімдемесінше, екі адам 29 шілдеде өткен концертте шетелдік жалауды көрсетіп, сахнада «Free Palestine» деп айқайлағаны үшін тергелген. Оларға қатаң ескерту жасалып, елге кіруге тыйым салынды.
Полиция мәлімдемесінде: «Полиция Сингапурдағы нәсіларалық және дінаралық келісімге зиян келтіруі мүмкін әрекеттерге байыппен қарайды және жұртшылықты, оның ішінде шетелдіктерді де шетелдік саясатты әкелуден сақтануға шақырады, өйткені бұл біздің әлеуметтік бірлігіміз бен заң үстемдігіне нұқсан келтіруі мүмкін», - делінген.
Полиция аталған адамдарды анықтамағанымен, жергілікті БАҚ таратқан кадрларда олардың Роберт «3D» Дель Ная және Грант «Daddy G» Маршалл екені көрсетілген.
Massive Attack Instagram-дағы мәлімдемесінде бұл шешімге «таң қалғанын және ренжігенін» білдірді. Топ концерт басталар алдында және соңында залдың үлкен бөлігі «Free Palestine» деп ұрандағанын, олар жалауды көтеру заңға қайшы келеді деп күтпегенін, бірақ Сингапурдағы жанкүйерлерімен бірге Палестина ісіне қолдау білдіргеніне мақтанатынын айтты. Олар Сингапур үкіметін азаматтарына «мемлекеттік қуғындаудан қорықпай-ақ ар-ождан білдіруге» рұқсат беруге шақырды.
